Құрбан Бердыев: «Карабах» – еурокубок матчтарында мол тәжірибесі бар, жақсы ойнайтын және түсіністігі керемет команда»
Құрбан Бекиұлы турнирлердің деңгейіне қарамай, барлық ойынға бірдей дайындалатынын мәлімдеді.
«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Құрбан Бердыев матч алдындағы баспасөз мәслихатында жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Құрбан Бекиұлы, «Карабахпен» өткен алғашқы матчты ескерсек, қарсылас сіздің қойған ойыныңызды түсініп отыр. Ертеңгі кездесуде қарсыласыңызды жаңа ойын үлгісімен таң қалдырмақсыз ба?
– Мұндай сұрақтар егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді, ал мұны жауап ретінде пайдалану дұрыс емес. Мен бір нәрсені айтайын: «Карабах» – еурокубок матчтарында мол тәжірибесі бар, жақсы ойнайтын және түсіністігі керемет команда. Әрине, бұл қиын болады, бірақ қарсыластың осы қабілеттері біздің көзқарасымыз бен жаттығу процестеріндегі тынымсыз жұмысымыздың маңызды алғышарты болып табылады.
– Маусымның соңғы бөлігінде ойындар көбейіп кетті. «Қайрат» кем дегенде Конференция лигасында үш ойын және Қазақстан кубогінде екі матч өткізеді. Сіз белгілі бір турнирге басымдық бердіңіз бе немесе команда қалған ойындарға бірдей дайындала ма?
– Біз белгілі бір турнирге басымдық бермейміз. Команда маусымның соңғы сегментіндегі ойындарға жауапкершілікпен қарайды.
– Құрбан Бекиұлы, сарапшылар Сіздің командаға жоғары сапалы футболды енгізгеніңізді атап өтті. Ертеңгі матчта да осы деңгейді көре аламыз ба және бұл оң нәтижеге әкеле ме?
– Солай деп ойлаймын. Жоспар ұзақ мерзімге құрылды. Ойыншылар менің не қалайтынымды жақсы түсінеді, бұл олардың прогрессінен байқалып тұр. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бүкіл матч бойы жоғары қарқынды ұстап тұру өте қиын, бірақ біз ойыншылардың физикалық жағдайын жақсарту арқылы тұрақты ойнауға тырысамыз.
– Еуропалық турнирде де, жергілікті чемпионатта да өткен соңғы матчтарға сүйене отырып, «Қайрат» футбол клубының ойыны тұрақтанды деп сеніммен айта аламыз. Ертең топтық кезеңдегі шешуші матч болғандықтан, бұл ойыншыларыңызға плей-офф кезеңіне шығу үшін қосымша мотивация бола ма?
– Дұрыс атап өттіңіз - ертеңгі матч турнирлік кестедегі жағдайды жақсарту үшін берілген соңғы мүмкіндік. «Карабах» – жан-жақты команда, сондықтан халықаралық деңгейдегі команданың нақты әрекетін болжау қиын. Негізі, «Карабахты» мықты ететін де осы қасиет.
– Жексебі күні Қазақстан кубогі аясында өтетін матчты ескерсек, ертең ротация бола ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, турнирге қарамастан қалған матчтарға дайындық жоғары деңгейде өтуде. Ротация соңғы кездесулерге арналған жоспарларымызға нұқсан келтіреді деп болжауға болмайды.
– Яцек Гуральски ертеңгі ойынға қатысуға дайын ба? Оның халықаралық матчтарға дайындығын бағалай аласыз ба?
– Алдымен біз Яцекті қалай қолдану керектігін түсінуіміз керек. Оған қатысты нақты шешім шыққан жоқ, алдағы жағдайларға қарай қарайтын боламыз.