1 мин.

«Тұранның» жартылай қорғаушысы мансабын Украинада жалғастырмақ

Футболшы түркістандық клубқа жазғы трансферлік терезеде қосылған еді.

«Тұран» клубында өнер көрсететін «Динамо Киев» клубының тәрбиеленушісі Евгений Чумак Meta-ratings.ua сайтына берген сұхбатында мансабын қайда жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтты.

«Чемпионаттың аяқталуына 10 күн қалды, мен Украинаға ораламын. Біз өз міндетімізді орындадық. Клуб жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалды. Біздің команда қауіпті аймақта болған еді, бірақ чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда біз бұл мәселені шештік. Сондықтан қалған екі кездесуді еш алаңдамай өткіземіз.

Алдымен демалуды жоспарлап отырмын. Өткен маусымнан кейін мен екі апта ғана үйде болдым, сондықтан дұрыстап демала алмадым. Енді психологиялық және физикалық жағдайымды жақсартып, сосын жаңа клуб іздеуім керек. Мен Украинадан жақсы нұсқаларды қарастырғым келеді, себебі алыста орналасқан елдерге бару қиындық тудырады. Әзірше ешқандай ұсыныстар жоқ, мен әлі ешкіммен сөйлескен жоқпын.

Украинаның бірінші лигасында ойнайсыз ба? Мүмкін. Алдына жоғары міндеттер қоятын команданың намысын қорғауға дайынмын. Мен турнир кестесінің ортасында жүріп, ештеңеге күреспейтін командада ойнағым келмейді», - деді украиналық футболшы.

Айта кетейік, Евгений Чумак «Тұранға» жазғы трансферлік кезеңде қосылған болатын. Содан бері түркістандық клуб жейдесінде 6 матч өткізіп, нәтижелі іс-әрекетпен көзге түсе алмады.