6 мин.

Саян Хамитжанов: «Инфрақұрылымымыз неге дамымай жатыр деген сұрақтың барлығын Мәжіліс депутаттарына, үкіметке қою керек»

2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франциядан жеңілуіміз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Футболшылар және Футбол федерациясына қатысты теріс пікірлерді барлық әлеуметтік желілерден кездестіруге болады.

Енді осы ойынды қалай қорытындылауымыз керек? Қазақстан футболында дағдарыс болып жатыр ма? Алдағы уақытта еліміздегі нөмірі бірінші спорт түрін не күтіп тұр?

«Астананың» экс-президенті Саян Хамитжанов Sputnik Қазақстан тілшісінің бұл сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

– Саян Жақсыгелдіұлы, Франция мен Қазақстан құрамаларының ойынын тамашалаған боларсыз. Біздің ұлттық құрама бұрын-соңды мұндай жеңіліске ұшыраған емес. Мұны масқара деп атауға бола ма?

– Талдап көрейік. Қазақстан екінші құраммен ең мықты ойыншыларын шығарған Франциядан жеңіліп қалды. Менің ойымша, бұл әлемдегі ең үздік команда. Осындай жұлдызды футболшыларға қарсы ойнаған он бір адамды қараңыз – Тапаловтың да, Тәйкеновтің де, Жарынбетовтың да халықаралық тәжірибесі жоқ. Бұл ретте қарсылас алғашқы минуттан бастап әлемдегі ең үздік шабуылшылардан құралған трионы (Гризманн – Мбаппе – Бензема) шығарды.

Егер Қазақстандағыдай кадрлық мәселер болса, посткеңестік елдердің ең үздік құрамасы – Украина мен Ресейдің де Франциядан осылай жеңілетініне сенімдімін.

Қорытындылай келе, иә, біз үлкен жеңіліске ұшырадық, бірақ қос команда арасындағы деңгей мен біздің құрамадағы күрделі мәселелерді ескерсек, бұл ойыннан ешкім басқа нәтиже күткен жоқ.

– Біздің команданы жанкүйерлер ғана емес, Мәжіліс депутаттары да айыптауда. Олар футболға бөлінген қыруар қаржыдан хабардар болып отыр, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ дейді. Қалай ойлайсыз, депутаттардың айтқаны дұрыс па?

– Ешқандай мәселе жоқ, федерацияға да, лигаға да, клубтарға да ақша бөлмей-ақ қояйық. ФИФА, УЕФА-дан шығып, Ағылшын Премьер-лигасын, Испания Ла Лигасын, Италияның А сериясын теледидардан тамашалайтын боламыз. Яғни, Қазақстан футболын мәңгіге ұмытамыз. Осыны қалайсыз ба? 1991 жылы егемендік алып, мемлекетімізді, мәдениетімізді, спортымызды 30 жылдан бері сол үшін дамыттық па?

Қазақстан бірде-бір алтын немесе бірде-бір күміс медальға қол жеткізе алмаған Токиодағы соңғы Олимпиада ойындарын айталық. Мысалы, бұл ойындарда Фиджи, Тринидад және Тобаго мемлекеттері алтын медаль жеңіп алды, ал қырғыздар, түрікмендер, тіпті Сан-Марино құрамасы күмісті қоржынға салды. Дәстүрлі түрде «біздікі» деп есептейтін спорт түрлерінен Олимпиадада бірінші, екінші орын алған жоқпыз. Бокс, күрес және ауыр атлетика туралы айтып отырмын. Мүмкін біздің құрметті депутаттар Спорт министрлігін (Мәдениет және спорт министрлігін) немесе Олимпиада комитетін жабу керек дейтін шығар?

Көрдіңіз бе, спортта құлдыраулар болып тұрады, әлдекімді жеңілмейді деп кепілдік бере алмаймыз. Сондықтан, келесі жазғы Олимпиада ойындарында міндетті түрде алтын алатынымызға күмәнім жоқ.

– Франциядан 0:8 есебімен жеңілгеннен кейін біздің футболды жалқаулар ғана сынаған жоқ...

– Футболды неге сынға ала беретінін білесіз бе? Қазір футбол тақырыбына келгенде екі себеп бойынша «хайп» жасауға болады. Біріншісі – бүкіл әлемде футболдың үлкен танымалдылығы.

Ал екіншісі – футбол шенеуніктері футболдан ақша ұрлайды деген стереотип. Бұл екі себепті елімізде депутаттар, қоғам қайраткерлері және қарапайым адамдар пайдаланады. Яғни, федерация мен лига басшыларына, ұлттық құрамамыздың немесе клубтардың ойыншылары мен бапкерлеріне жеңілістерден кейін «бәрін жұмыстан қуып, тарату керек», қаржыландыруға тыйым салып, тіпті футбол клубтарын жабу керек деп айтып жатады және біздің команданың мәселелерін пайдаланып, өздерінің рейтингтерін көтеріп алады.

Енді қаржы туралы айтайық. ҚПЛ-дағы ең көп бюджет «Астана» мен «Қайратқа» тиесілі. Ағымдағы маусымда қос командаға бюджет шамамен бірдей бөлінді (15 миллион доллар). Оны ресейлік аутсайдерлердің бюджетімен салыстырыңыз. Мысалы, «Арсенал Тула» мен «Уралды» айталық. Бұл командалардың әрқайсысы жылына 30-40 миллион долларды пайдасына жаратады. Біздің клубтардың бюджеті өте мардымсыз. Осыған қарамай барлығы біздің клубтардан еурокубокте тамаша жеңістер күтеді.

Клубтарымыздан мемлекет тарапынан бөлінетін болмашы қаржыны алып тастасақ, біздің чемпионатымыз дене шынықтыру сабағындағы командаларының чемпионатына айналады. Бұл күлкілі нәрсе емес.

– ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожин келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекет қаржысынан бас тарту туралы шешім қабылдағанын айтты. Ұйым УЕФА-дан түскен қаражат, сондай-ақ демеушілер тарту арқылы күн көрмек. ҚФФ мұндай жағдайда өмір сүре ала ма?

– Өмір сүруі мүмкін. Бірақ дамуы өте қиын.

Клубтарды мемлекет тарапынан қаржыландырмаса, біз футболымызды жоғалтып аламыз.

Мұның себебін түсіндірейін. Дамыған Еуропа елдерінде коммерциялық демеушілік нарығы, медиа-нарық, және спорттық киімдерді сату мәдениеті бұрыннан қалыптасқан, және клубтар матчтарды көрсету құқығын сату және жарнама жасау арқылы өздерінің бюджетін айтарлықтай толтырып отырады.

Жаздағы ең үлкен трансферлердің бірі – Криштиану Роналдудың «Манчестер Юнайтедке» оралуы қаржылық жағынан өз жемісін берді. Онымен келісім-шартқа отырғаннан кейінгі алғашқы жеті күнде «Манчестер Юнайтед» серіктес және жеке дүкендер арқылы, сондай-ақ онлайн сауда жүйелері арқылы Роналдудың жейдесін сатып, 200 миллион фунт стерлинг пайда тапқан. Бірнеше жыл бойы «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы титулдық демеушісі «Chevrolet» автомобиль компаниясы англиялық командаға жылына 75 миллион еуро төлеп отырды. Одан бөлек, үздік клубтар еурокубок бәсекесінде сәтті өнер көрсеткені үшін УЕФА-дан мол қаражат алады.

Біздің елімізде осы үш сала мүлдем дамымаған. Үш жылға жуық уақыт бойы біздің Qazsport телеарнасы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасымен чемпионатымыздың матчтарын көрсету туралы келісімге келе алмады. Телехабарлардан түскен табыс қандай? Өкінішке орай, біздің еліміздегі объективті шындықтар клубтардың мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеуіне әлі мүмкіндік бермейді.

– Қазақстанда жеке компаниялар әлі футбол клубтарын толықтай қаржыландыруға дайын емес. Сіз «Астанада» жұмыс істеген уақытта, яғни 2015/2016 жылғы еуромаусымының қорытындысы бойынша клуб өз бюджетін өзі тауып жүрді. «Астана» сол жылы 18 миллион еуродан астам табыс тапты.

– «Астананың» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның дұрыс қаржылық саясат жүргізгенінің айқын дәлелі. «Самұрық» басшылығы Еуропада және әлемде футбол арқылы елорданың және бүкіл Қазақстанды танытуға болатынын жақсы түсінді. Миллиондаған адамдар Қазақстанды «Астананың» еурокубоктегі ойыны арқылы білді. «Атлетико», «Бенфика» немесе «Манчестер Юнайтед» сияқты клубтармен ойнап, аудиториясын арттырды.

– Тәуелсіздік жылдарында елімізде заманауи екі стадион – «Астана Арена» мен «Түркістан Арена» ғана салынғаны үшін ҚФФ басшылығы сынға ұшырап жатады. Мысалы, Өзбекстанда 10 стадион, Ресейде 22 стадион бар.

– Өзбекстанға тиісті бағасын беруіміз керек – олар қымбат емес, бірақ жұмыс істейтін ареналар салып жатыр. Менің мәліметім бойынша, оңтүстіктегі көршілеріміз жаңа жеті стадион салды – екеуі Ташкентте, сондай-ақ Алмалық, Бұхара, Ферғана, Қарши және Бекабадта. Ресейде 2018 жылғы әлем чемпионатына арналған соңғы үлгідегі 12 стадион, сондай-ақ бірқатар сапалы ареналар салынды.

Осы тұста айта кетерлік нәрсе бар. Стадиондарды ұлттық футбол қауымдастығы салмайды. Мұндай нысандардың құрылысын мемлекет тікелей немесе ұлттық компаниялар арқылы қаржыландырады. Елімізде бұрыннан бар стадиондарды жаңартып немесе жаңа ареналар салу үшін мемлекеттік бағдарлама қажет. Инфрақұрылымымыз неге дамымай жатыр деген сұрақтың барлығын Жақсыбеков пен Айтхожинге емес, Мәжіліс депутаттарына, үкіметке қою керек.

– Біздің футболдағы қазіргі жағдайды дағдарыс деп атауға бола ма?

– Біз бүкіл әлемді шарпыған жаһандық дағдарыс – коронавирустық пандемия аясында өмір сүріп жатырмыз. Келесі жылымыз да COVID-19-ға қарсы күрес аясында өтеді. Әрқайсымыз індеттің салдарын бастан өткердік – біреу жақындарынан, туыстарынан немесе достарынан айырылды, біреудің аурудан кейін денсаулығы әлсіреп қалды, біреу жұмысынан немесе бизнесінен айырылды. Пандемия барлығына ауыр тиді. Адамдар әлдеқайда сабырсыз, ашуға берілгіш болып кетті - өкінішке орай, мұның бәрі вирустың салдары және соның бір көрінісі.

Біздің футболдағы дағдарыс туралы айтатын болсам, оның 2000 жылдары болғанын ерекше атап өткім келеді – мысалы, чемпионаттың бірде-бір туры төрешілердің қателігінсіз өтпегені, келісілген матчтардың көп болғаны жұрттың есінде.

2007 жылдан бері федерацияны Әділбек Жақсыбеков басқарып, футболымыздың осы және басқа да көптеген мәселелерін шеше білді. Бірақ адамдар мұны сирек еске алады. Менің ойымша, Париждегі жеңілісті тезірек ұмытып, алға жылжу керек.